ЖЕЙДЕГЕ ЛАТЫНША ЖАЗУҒА ТАЛПЫНСА… | Print |
10.01.2019 10:41

Қазақстан премьер-лигасында мемлекеттік тілдің маңызы онша жоқ екенін байқап жүрміз. Басқасын айтпағанда, футболшылардың ойын жейдесі ала-құла жазыла салады. Бір ғана мысал, былтыр Қызылорданың “Қайсар” футбол клубында доп тепкен жергілікті талант Думан Нәрзілдаевтың жейдесі “Нарзилдаев” деп жазылды. Сол секілді, тағы бір қызылордалық аяқдопшы Дәуренбек Тәжімбетовтың ойын жейдесі “Тажимбетов” деген жазуға иелік етті. Бұл сырт көзге қазақы әріптердің бейшара кейпі болып ғана көрінеді.

Спортты саясатқа араластырғымыз келмейді. Бірақ, футбол – қаралымы мен таралымы жағынан Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең үздік спорттың бірі. Бұл не деген сөз? Бұл деген жарнама жасауға таптырмайтын жүйе дегенді білдіреді. Әлбетте, мұнымыз мемлекеттік тіл дәл осы футболдың жарнамасына қарап қалды деген сөз емес. Әйтсе де, олай емес екен деп, қазақы әріптердің “әрсіз” түрін көре беру бізге тіпті ұят нәрсе. Қайтпек керек?

Өткен жылы “Біз латын әліпбиіне ауыспаймыз, ораламыз” деп ұрандадық. Өз кезегінде тіл мамандары бұл құбылысты “ана тіліміз үшін жасалған оң қадам” деп баға беріп жатты. Елбасының өзі маңыздылығын айтқан бұ жаңалық еліміздегі кез келген салаға өз әсерін тигізу қажет деп ұғынамыз. Яғни, ҚПЛ клубтары ойыншыларының жейдесін латынша жазса, тіліміздің ырғағы сақталатындай. Осы мәселе төңірегінде спорт тақырыбын жазып, айтып жүрген бірқатар мамандардың пікірін білген едік.


Сіз  не  дейсіз?

 

Әділбек  ЖАҚАНОВ, “Qyzylorda” телеарнасының арнаулы  тілшісі:

- Жалпы, қазақ футболы туралы айта берсең, мәселе көп. «Астана» ФК-ның Еуропа бәсекелеріндегі жетіс­тігіне марқайып, қуанғанымыз болмаса, басқалары­ның жарытып жатқаны шамалы. Ішкі бірін­ші­лік­тің деңгейінен ары аса алмай отырмыз. Футбол­шы­лардың жейдесін латын қаріпімен жазу идеясы – ұлттық тұрғыда қажет дүние. Бірақ, одан біз­дің аяқдопшылардың ойыны жақсармайтыны анық. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Испания, Франция, Бельгия, Италия, одан басқа да алып елдердің ішкі чемпионаттарында жейделер ағылшын­ тілінде жазылад­ы. Өйткені, олар ФИФА, УЕФА секілді халықаралық ұйымдардың талабына бағынады. Сондай-ақ, еуропалық клубтар­ жейде сатып та табыс табатыны белгілі. Маркетингтік жағынан өтімдісі де – ағылшынша жазылған жейделер. Ал, Қазақстан премьер-лигасында жейделердің латын графикасына көшуіне кедергі жоқ деп ойлаймын. Әзірге, біздің футболдың әлемдік футболдан ауылы алыс. Маркетинг әлі қалыптаспаған. Тек бұл жаңашылд­ық Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын­а қатысатын қазақ­стандық командаларға қазақ және ағылшын тіліндегі қаріппен жазылған екі түрлі жейде жасатуына тура келеді. Түптің түбінде осыған келетініміз анық, оны бүгін немесе ертеңге қалдыру Қазақстан­  футбол  федерациясының  құзыретінде.­


Айбек   ҚАБЫЛША,

“Хабар” телеарнасының  редакторы,

спорт   комментаторы:

- “ҚПЛ ойыншыларының тегі жейдесіне латынш­а жазылса қалай болады?” дейтін мәселе­ талқылауға келмейтін сияқты. Себебі, Елбасының өзі латынға көшуіміз қажет екендігін айтып, түсіндіріп, әліпбиін бекітіп берді. Енді нені күтіп жүрміз?! Иә, бұл бастаманы іліп әкетіп, ұлт үшін, ана тіліміз үшін аса маңызды қадамға баруға бел шеше кірісіп кеткендер де жоқ емес. Бірақ, бұл аздық етеді. Футбол – әлемде де, біздің елде де нөмірі бірінші спорт. Ендеше елге үлгі боламыз десек, миллиондарды, ана тілдің дыбысталуына сай, әріптерімізді бұрмаламай қазақша сөйлетуге үлес қосамыз десек, ойыншылардың да, командалар мен стадион атаулары да, тіпті ҚПЛ құжаттары да латын әліпбиімен жазылуы қажет. Қазақ футболының жеңісті жолы меніңше дәл осы қадамнан бастау алатындай. Сондықтан, қазақ аяқдопшыларының аты-жөнін аяққа таптап, ата-тегін қорламай латын­ қаріпін қолдануды бүгіннен бастау аса маңызды. “ҚПЛ-да ойнайты­н барлық футбол ұжымдары жейдеге тек латын әліпбиінде жазуға міндетті” деген секілді талаптарды қоюға біздің футбол федераци­ясының батылы мен өресі жете ме?! Міне, мәселе осында жатқанд­ай. Себебі, біздегі футбол командалары өздігімен бұл қадамға­ бара алмасы анық. Әйтпесе қалғаны бос сөз.


Нұрғазы  САСАЕВ,

журналист, спорт шолушысы:

- Қазақ футболындағы ойыншылардың аты-жөндерін жейделеріне латынша жазу туралы нақты шешім қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді. Онда бөркімізді аспанға атып, қуанамыз, әрине. Әрі қос қолдап тұрып қолдаймын. Жалпы, түптің түбінде солай болады деп үміттенемін де...

Әйтсе де, дәл қазір, футболшылардың тегін (аты-жөндерін) латынша жазғаннан­  гөрі, Қазақстан  футбол  федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасының мемлекеттік тілді мойындағандары маңыздырақ болар еді. Өйткені, біздің футбол­ бүгінде өзге тілде сайрап тұр...

Мәселен, Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың көбісінің ресми сайт­тар­ы орыс тілінде жүргізіледі. Бұл сөзімізге барлық командалардың­ ресми сайт­тарын ашып, көз жеткізулеріңізге болады. Көбісінің орысша нұсқасынд­а бәрі де қамтылған. Әрі жедел, дер кезінде баяндалып отырады. Ал, қазақшасы оның шаңына­ да ілесе алмайды. Тіпті әрбір тур сайын кезекті матчқа арналып шығарыла­тын анықтамалық-бағдарламалық жұқа кітапшаларын (“программка­ларын”) тек орыс тілінде шығаратын командалар да аз емес. Қазақша­ бір ауыз сөз таппайсың. Сонда мемлекеттік тіл қайда? Стадионға барсаң­, екі тайм арасындағы үзіліс кезінде даңғырлатып, өзге тілдегі әндерді қояды. Қазақ тіліндегісі – ілуде біреу, некен­-саяқ. Сонда «әр команда сапындағы легионерлер не ойлайды екен, қазақтардың музыкас­ы  жоқ па деп, таңғалады-ау» деп, жерге кіре жаздаймыз...


Әділхан  АБАЙҰЛЫ, “Қызмет” газетінің  тілшісі:

- Бүгінде көптеген мемлекет­тік  мекемелердің атауы латынша жазылып жатыр. Еліміз латын әліп­биін нақты бекітпегенімен, көп уақыт өтпей-ақ мұның іске асары сөз­сіз. Ал болар істің бастапқы жаршысы болу, Елбасы­ның саясатын іліп әкету – әрбірі­міз­дің борышымыз-дүр. Сол себеп­ті, футболшы­ларымыз рухын көтеріп, рухани­ жаңғыруды қолдап­, жасыл алаңға атой салып шықса, мен де қуанар едім. Кириллицамен жазғанда ел клубтары  қазақы  дыбыстарды  бейнелемейді. Міне, дәл осы олқылықтарды байқап жүрміз. Бұл дұрыс емес. Бұған атүсті қарауға болмайды. Менің­ше, өз ырғағын сақтап қалуға кирил­лица да кедергі келтірмейді. Бар мәселе патриоттық рухқа байланысты. Деген­м­ен, “латын­ әліпбиімен жазсақ, өзгелер де осы бір жүйеге бағынар еді” деген­ пікірмен де келісуге болады. Яғни, футболшылардың жейдесін латын­ әліп­биімен жазар болсақ, екі жақтан да ұтайын­ деп тұрмыз. Бірі – қазақ тілі дыбыстарының ырғағын сақтау болса, екіншісі – “Рухани­  жаңғыру” бағдарлама­сына титтей­ болса да үн қосу.