КЕМ-КЕТІКТІ ЖЕТІСТІККЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК | Print |
21.11.2019 11:50

 

Ерлан  ЕСТЕК,

қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:


Өткен аптада Қызылордада ерлер және әйелдер­ арасында қазақ күресінен­ Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Балуандар бәсекесін­е еліміздің түкпір-түкпірінен спорт­шылар­ қатысып, бозкілемде барын салып­ жатты­.   Иә, белі кеткен балуанның белдеспей жатып бүк болатыны белгілі жайт ғой. Бірақ, біз ондай жайтқа­ кез болмадық.

Қыж-қыж қайнап жатқан Қызыл­ордадағы қазақ күресінің қызығын тамашала­п қайттық. «Жүрген аяққа жөргем ілігеді» дегендей, қазақ күресінен ұлттық құраманы­ң  бас  бапкері  Ерлан  Естек  ағамызбен  жолығып,  аз-кем  әңгімелескен  едік.

- Сыр еліне қош келдіңіз! Алғашқы сұрағымыз ел чем­пио­натының  ұйымдастырылуына, деңгейіне  арналып  отыр.

- Жалпы, ел чемпионаты жыл сайын ұйымдастырылып жүр. Биыл Сыр елінде жоғары деңгейде өтіп жатыр, оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Ешқандай кем-кетігі жоқ. Жарысты ҚР Қазақ күресі федерац­иясының президенті Дәурен Абаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіле­ді. Ел чемпионатына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысынан 500-ге жуық спортшы келіп, 16 салмақ дәрежесінде шеберлік бай­қасуда. Жарыстың деңгейі де жоғары  боп  тұр.

- Жаңа есімдер шығып жаты­р  ма?

- Былтырғы ел чемпион­дары бұл жарысқа қатты дайындалған жоқ. Өйткені, алда көп жарыс бар. Әлем чемпионаты, әлем барысы өтеді. Спортшы болу оңай емес. Біз әрдайым сапарда жүреміз. Жыл он екі ай отбасы­ның қасында бола алмаймыз. Үнемі тер төгеміз, 24 сағат дайындық жасаймыз.

- Шетелдіктердің  қазақ  күресіне  деген­  көзқарасы   қалай?

- Өткен жылы Польшада «Еуропа барысы» турнирі өтті. Балуандарымыз бір апта сонда оқу-жаттығу жиынында болды. Біз Азия құрлығына жататын болған соң, ол жарысқа қатыспадық. Сол жарысқа 23 мемлекеттен балуандар қатысты. Қазақ күресін шетелде ұйымдастыру – зор қуаныш. Сол секілді, Азия чемпионаты Моңғолияда өтті. Олардың да қазақ күресіне деген ықы­ласы жоғары екенін байқадық. Тіпті, көрермендердің өзі көліктеріне қазақ күресінің  логотипі  бейнеленген қағаздарды  жапсырып  алып,  болмаса қолы­на­ ұстап алып жүрді. Қуанасың. Мұндай құрмет кейде Қазақстанда да бола бермей­ді.

- Ал, сіздің ойыңызша қазақ күресіне қандай  өзгеріс қажет?

- Бір нәрсе айтайын. Бұрынғы мен қазіргіні салыстыра алмаймыз. Уақыт өткен сайын бәрі дамып жатыр. Қажет­тілік бар. Қазақ күресі – қазақтың жаны­мен бітеқайнасқан спорт. Әрине, жетпей жатқан кем тұстары бар. Ең бас­ты­сы, ережесі бекітілген, мемлекеттік тұрғыда қолдау, ел арасында қызығушылық  бар. Күреспен айналысушылардың қатары да көбейіп келеді. Сондықтан, кем-кетікті жетістікке айналдыру керек.

- Облыстағы  қазақ  күресінің дамуына­  қандай  баға  бересіз?

- Қызылорда балуандары туралы жақсы пікір, көзқарас қалыптасқан дей аламын. Былтыр 100 келіде Нұрым Сәлімгерей мен Мақсат Исағабылов финалға шыққан. Одан өзге де орын алғандар болды. Мысалы, биылғы чемпиондар – келесі жылға дайындап отырған балуандар. Сыр балуандары үшін биылғы жыл жемісті болды. Мақсат­  балуан Моңғолияда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Нұрым балуан Ақтөбе қаласында өтетін Әлем чемпионатында күресетін болады. Негізі, Қызылордада қазақ күресі­нің даму қарқыны жақсы.

- Бұған облыс басшылығының ықпа­лы­  бар  ма?

- Шындап келгенде, мемлекет, федерац­ия тарапынан немесе облыс басшылығынан қазақ күресіне деген көңіл түзу екенін айтуға тиіспін. Барлығы  қазақ  күресін қолдайды.

- Той-томалақта, аста балуандар күресіп жатады. Бұл да қазақ күресінің дамуына өз үлесін қосып жүрген болар...

- Иә, әрине. «Қазақ күресін тек мемлекет, облыс не федерация ғана дамытсын» деген пікір жоқ. Біз әр жерде және әрқайсысымыз атсалысуымыз керек.

- Оқу-жаттығу жиындары, жалпы дайынды­қ  барысы  қалай  өтеді?

- Оқу-жаттығу жиындары басқа мемле­кеттерде өтіп жүр. Мысалы, Моңғ­олия, Әзербайжан мемлекет­те­рінде  болды. Бұл сол жақтың балуандарымен тәжірибе алмасуымызға сеп болады. Әрі қазақ күресінің ауқымын кеңейтуге де пайдалы дер едім.

- Арнайы уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Рыскелді  ЖАХМАН