ҚАҢҒЫП КЕЛГЕН ШҮРЕГЕЙ КӨЛГЕ ПАНА БОЛМАЙДЫ немесе “Қайсар” бапкері қыл үстінде тұр | Print |
12.04.2018 10:53

Біз бұл сөзді бұған дейін де айтқанбыз, мағыналас сөзді талай рет жазғанбыз. Себебі, бірнеше жылдан соң бапкер  де, ойыншылар да кетеді. Соңында  күйініп,  опық  жеп  қалатын – жанкүйерлер. Иә, қаңғып келген шүрегей көлге пана бола алмайды екен. Мұны тура “Қайсар” сапында доп теуіп жүрген легионерлерге қатысты қолданып көрдік. 4 ойыннан 1 ғана ұпай жинаған Младенов  ұжымына  облыс әкімі  Қырымбек  Елеуұлы  биыл бестіктен  көрінуді  тапсырған-ды. 12 ұпайдың 11-інен көз жазып қалған бапкерге жергілікті жанкүйерлердің өкпесі мен ашу-ызасы қара қазандай.

Сондықтан болар, “Қайсардың” қолдаушылары өздерін қуанта алмаған бапкерге шүйлігіп, орнын босатуын талап етуді бастап кеткен еді. Десе де, дәл қазіргі уақытта бапкер ауыстырудың қаншалықты тиімді екенін біз де білмейміз. Себебі бар. Бір ғана мысал келтіріп көрелік. “Қасқырлар” келесі ойынын “Ертіске” қарсы өткізсе, одан кейін алматылық “Қайратқа” қонаққа барады. Осы орайда, алдымыздан алғашқы 4 ойында да ұтылмаған “Ордабасы” клубы шыға келеді. Артынша “Тобылмен” иық тірестіріп көреміз. Енді қараңыз, аталғандардың қай-қайсысы да болмасын, сұрмергендері бар сұрапыл клубтар. Жаңадан келген бапкерге бұл айтарлықтай қиындық тудырады. Және ол командаға үйренісемін деп жүргенде бірнеше турдың өтіп кететіні тағы бар.

Дегенмен  біздің  уәжіміз  100%-ға орынды  дей  алмаймыз.  Өйткені, жанкүйерлер  қолымызды  мезгілінен кеш сермемейік  деп, “аурудың” алдын  алып  жатқан  жағдайы бар. Жанкүйерлердің  көпшілігінің айтуынша, “Қайсар” “Ертіспен” өткен  ойында  жеңіліс  табатын  болса, Стойчо  бапкер  орнын  босатуы  тиіс екен.

Стойчо  МЛАДЕНОВ,

“Қайсар” футбол

клубының  бас бапкері:

- Ең біріншіден, барлық жан­күйерлерден сүреңсіз ойындар үшін кешірім сұраймын. Ойынның алға баспауына түсініксіз кедергілер болып­ жатқан сияқты. Нағыз жанкүйерлер клубқа қуанышта да, қиын кезеңде де қолдау білдіруі тиіс деп ойлаймын. “Ертіспен” өтетін ойын­да барымызды салатын боламыз.


Серік ДОСМАМБЕТОВ, “Қайсар” футбол

клубының­  директоры:

- Біз де Қызылорданың түлегіміз. Жанкүйерміз, жанымы­з ашиды. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дейді. Сондықтан, командаға барынша қолдау көрсетейік дегім келеді. “Қайсарда” қазіргі уақытта қаржы жағына­н да, басқа жағынан да мәселе жоқ. Тек, жақсы­ ойын өрнегін көрсету ғана қалды.


Мақсат  БАЙЖАНОВ,

“Қайсар” футбол  клубының  капитаны:

- Біз  өте жақсы қарым-қатынаста­ғы ұжымбыз. Қазіргі таңда клубтағы ойын­шылардың арасында ешқандай түсі­ні­спеушілік және бөліну жоқ. Бапкеріміз де жақсы. Иә, ойынымыздың жүрмей жатқ­аны рас. Бірақ, біз барымызды салып­ жатырмыз, барымызды саламыз. Жеңуге күш-қайрат та, жігер де жетеді. Құдай қаласа, “Ертісті” жеңеміз!


Асхат  ТАҒЫБЕРГЕН, “Қайсар” футбол клубының

жартылай  қорғаушысы:

- Ойынның   сәтсіз   болып  жүрге­ніне  тек  бапкерді  кінәлау  дұрыс емес. Оған  ойыншылардың да қатысы бар. Стойчо Младенов былтыр­ команданы алға сүйреп, 6-орын алып берді ғой. Меніңш­е, жанкүйерлер осындай қиын шақта команданы қолдауы­, жігер беруі керек. Сонда ғана жеңіске бірге жетеміз.­